«Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 8 мамырдағы № 286-VIII Конституциялық Заңы

Предыдущая страница

3) жоғары мектеп;

4) орта білімнен кейінгі білім;

5) жоғары білім;

6) жоғары оқу орнынан кейінгі білім.

3. Егер мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының бизнес-лицензиясында және (немесе) реттеуші лицензиясында өзгеше айқындалмаса, олар өздерінің жарғысына және (немесе) ішкі құжаттарына сәйкес:

1) білім беру саласында технологиялық инновацияларды әзірлеуде, ендіруде және пайдалануда;

2) білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен таңдауда, білім беру қызметін, білім беру қызметін жүзеге асыру нысандары мен әдістерін ұйымдастыруда;

3) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде тыйым салынбаған, оның ішінде есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорларды пайдалана отырып және әзірлеу мақсатында ғылыми зерттеулерді, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүргізу мен жүргізу бағыттарында;

4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикада қолдануға қатысуда (коммерцияландыруда);

5) қызметтен тыс іс-шаралардың бағыттары мен тізбесінде;

6) қаржы-экономикалық және әкімшілік басқару мен шешімдер қабылдауда;

7) білім беру қызметін, білім беру сапасын басқаруды және білім беру мониторингін, оқуға қабылдауды, оқу үлгерімін ағымдағы бақылауды, білім алушылардың аралық және қорытынды аттестациясын ұйымдастыруда, персоналдың біліктілігін арттыру, оларды аттестаттау және оның өткізілу кезеңділігі қағидаларын әзірлеуде;

8) білім беру гранттары мен стипендияларды тағайындауда, олардың мөлшерлері мен берілу шарттарын белгілеуде;

9) білім беру гранттарының құралдары мен стипендияларды басқаруда, оның ішінде оларды беруде, олардан айыруда және қайта бөлуде;

10) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде тыйым салынбаған қаржыландыру көздері есебінен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыруда және ғылыми зерттеулер жүргізуде;

11) оларда іске асырылатын білім беру бағдарламалары бойынша білім алуды аяқтаған және қорытынды аттестаттаудан өткен адамдардың тиісті білім деңгейі және (немесе) біліктілігі туралы құжаттардың нысандарын айқындауда дербес болады.

4. Мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының шетелдік жұмыскерлерді басшылық лауазымдарға және жоғары білімді мамандарға тартуы бизнес-лицензиялау кезінде әкімшілік айқындаған сан мен лауазымдар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алуды талап етпейді.

5. Мемлекеттік емес білім беру ұйымдары беретін тиісті білім деңгейі және (немесе) біліктілік туралы құжаттар олардың иелеріне мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжаттар иелері үшін көзделген құқықтар береді.

6. Бизнес-лицензиялау және (немесе) реттеп лицензиялау рәсімдерін және әкімшілік айқындауы мүмкін өзге де рәсімдерді қоспағанда, мемлекеттік емес білім беру ұйымдары мен олардың қызметкерлеріне қатысты мемлекеттік аттестаттау және білім беру саласындағы өзге де рәсімдер жүргізілмейді.

 

56-бап. Алатау қаласындағы мемлекеттік емес медициналық ұйымдар қызметінің құқықтық режимі

1. Алатау қаласының аумағындағы медициналық қызмет, медициналық көмек және мемлекеттік емес медициналық ұйымдардың олармен байланысты қызметі тек қана жоғары сапалы инфрақұрылымы бар елдерде қолданылатын стандарттар, бағдарламалар, сертификаттар және (немесе) аккредиттеулер негізіндегі бизнес-лицензияға және (немесе) реттеушілік лицензияға сәйкес жүзеге асырылады.

2. Егер мемлекеттік емес медициналық ұйымдардың қызметін бизнес-лицензиялау және (немесе) реттеп лицензиялау кезінде өзгеше айқындалмаса, олар өздерінің жарғысына (немесе) ішкі құжаттарына сәйкес:

1) денсаулық сақтау саласында биологиялық технологиялар мен технологиялық инновацияларды әзірлеуде, ендіруде және пайдалануда;

2) қаржы-экономикалық және әкімшілік басқару мен шешімдер қабылдауда;

3) бизнес-лицензиялау және (немесе) реттеп лицензиялау шарттарында денсаулық сақтау саласында білім беру қызметін жүзеге асыруда;

4) жоғары сапалы инфрақұрылымы бар елдерде сертификатталған және рұқсат етілген инновациялық медициналық технологияларды, әдістерді, тәсілдерді, стандарттарды, хаттамаларды, дәрілік заттарды, дәрілік препараттарды, медициналық бұйымдарды, медициналық техниканы қолдануда;

5) медициналық көмек көрсету стандарттарын, бірақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген медициналық көмек көрсету стандарттарынан деңгейі төмен емес стандарттарды, сондай-ақ жоғары сапалы инфрақұрылымы бар елдерде қолданылатын медициналық көмек пен қызметтер көрсетуді ұйымдастырудың ұқсас стандарттарын әзірлеу мен қолдануда;

6) көрсетілетін медициналық қызметтер мен өзге де қосымша көрсетілетін қызметтердің, оның ішінде ерікті медициналық сақтандыру қаражаты, жұмыс берушілердің қаражаты және Алатау қаласының заңнамасында тыйым салынбаған ақылы медициналық көрсетілетін қызметтерді қалыптастырудың өзге де көздері есебінен көрсетілетін қызметтердің тарифтері мен құнын айқындауда дербес болады.

3. Медициналық қызметпен айналысуға құқық беретін немесе мемлекеттік емес медициналық ұйымда кәсіби медициналық қызметті жүзеге асыруға шақырылған мамандардың шетелде алған біліктілік санатын растайтын құжаты Алатау қаласы аумағында қолданылатын санат берілмей-ақ, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатымен теңестіріледі.

4. Мемлекеттік емес медициналық ұйымдарға сот-сараптамалық қызметті, оның ішінде сот-медициналық, сот-наркологиялық және сот-психиатриялық сараптамаларды жүзеге асыруға тыйым салынған.

5. Мемлекеттік емес медициналық ұйымдардың кәсіптік медициналық қызметті жүзеге асыру үшін басшылар мен мамандар лауазымдарына шетелдік жұмыскерлерді тартуы бизнес-лицензиялау және (немесе) реттеп лицензиялау кезінде әкімшілік айқындаған сан мен лауазымдар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алмай жүзеге асырылады.

6. Мемлекеттік емес медициналық ұйымдардың есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорларды пайдалану мүмкіндігі берілетін бизнес-лицензияда тікелей көзделуге тиіс.

Көрсетілген пайдалану Қазақстан Республикасының есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымы саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

57-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

57-бап. Инновациялық қалалық мобильділік

1. Алатау қаласының көлік жүйесінде басқарылатын және пилотсыз инновациялық ұшу аппараттарын және өзге де аппараттарды пайдалануды ендіру Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен белгіленетін эксперименттік құқықтық режим шеңберінде оларды міндетті сынақтан өткізу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.

2. Көлік және логистикалық шешімдер үшін әуе кеңістігін пайдалана отырып, қалалық мобильділікті арттыру мақсатында Алатау қаласының шегінде жер немесе су бетінен үш мың метр биіктікке дейін әуе кеңістігінің арнаулы аймағы жұмыс істейді.

3. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен әуе кеңістігінің көрсетілген аймағын және қажетті инфрақұрылымды пайдалану, оның ішінде адамдарды, жүктерді тасымалдауға және өзге де мақсаттарға арналған, басқарылатын және пилотсыз инновациялық ұшу аппараттарының әуе мобильділігінің бағыттары мен дәліздерін белгілеу, аэронавигациялық қызмет көрсетумен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету реттеледі.

 

58-бап. Алатау қаласындағы креативті индустрия

1. Алатау қаласында негізгі бизнес ретінде шығармашылық қызметті жасау, өндіру, қайта өндіру және оның нәтижелерін көпшілікке тарату әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

2. Әкімшілік Алатау қаласында жасалған зияткерлік меншік объектілерінің тізілімін, оның ішінде зияткерлік меншік объектісіне немесе оның ауысуына құқықты блокчейн желісіне жазу үшін блокчейн технологияларын пайдалана отырып жүргізеді.

 

59-бап. Алатау қаласындағы ойын қызметі

1. Алатау қаласында жүлде қоры бар турнирлер мен жарыстарды, құмар ойындарды және (немесе) бәс тігулерді ұйымдастырумен және өткізумен байланысты қызмет әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес реттеуші лицензия және (немесе) реттеуші рұқсат болған кезде жүзеге асырылады.

2. Алатау қаласында жүлде қоры бар турнирлер мен жарыстарды, құмар ойындарды және (немесе) бәс тігулерді ұйымдастырумен және өткізумен байланысты қызметке тек қана мастер-жоспарға және даму стратегиясына сәйкес арнайы белгіленген аймақ шегінде рұқсат етіледі.

3. Жиырма бір жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне, Алатау қаласының қызметшілеріне, Қазақстан Республикасының Құрылтайы мен Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарына, әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жұмыскерлеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарының, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлеріне, сондай-ақ сот әрекет ету қабілетін шектеген немесе өз еркімен құмар ойындарға және (немесе) бәс тігулерге қатысуды шектеген адамдарға, құмар ойындарға және (немесе) бәс тігулерге қатысуға тыйым салу Қазақстан Республикасының заңдарында немесе әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де адамдарға Алатау қаласының аумағында құмар ойындарды және (немесе) бәс тігулерді ұйымдастыратын және өткізетін орындарға баруға, сол сияқты оларға кез келген түрде қатысуға тыйым салынады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің құмар ойындарды және (немесе) бәс тігулерді ұйымдастыратын және өткізетін орындарға баруға тыйым салу бөлігіндегі ережелері аталған адамдардың мемлекеттік бақылау мен қадағалауды және Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жағдайларына қолданылмайды.

4. Алатау қаласында құмар ойындарды және (немесе) бәс тігулерді ұйымдастыруға және өткізуге байланысты қызметті әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттеу қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі талаптарды сақтау мен ендіру арқылы жүзеге асырылады.

 

60-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

60-бап. Алатау қаласында еңбек қатынастарын және шетелдік жұмыскерлерді тартуды реттеу

1. Алатау қаласында еңбек қатынастарын және еңбекке тікелей байланысты өзге де қатынастарды, оның ішінде әлеуметтік әріптестік мәселелерін, еңбек шарттарын жасасуға қойылатын талаптарды, жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге қойылатын өзге де талаптарды реттеу әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

2. Алатау қаласының заңнамасында шетелдік жұмыс күшін тарту ерекшеліктері, оның ішінде:

1) шетелдік жұмыс күшін квоталау;

2) ішкі еңбек нарығынан іздестіру;

3) жергілікті кадрларды қамту туралы шарттар көзделуі мүмкін.

3. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған Алатау резиденттерінің санаттары бойынша білікті шетелдік жұмыскерлерді тарту шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттар алмастан, әкімшіліктің талаптарына сәйкес кәсіптер тізбесі бойынша жүзеге асырылады.

4. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде жұмыс беруші үшін өзі тартқан шетелдік жұмыскерлердің Қазақстан Республикасында болу тәртібін бұзғаны үшін құқықтық салдарлар белгіленеді.

5. Әкімшілік Алатау қаласында тартылған шетелдік жұмыскерлердің есебін жүргізеді. Олар туралы мәліметтер әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәртіппен халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.

 

61-бап. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың көші-қон режимі

61-баптың 1-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

1. Алатау қаласында қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағына келетін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар визасыз режимде, сол сияқты визамен де келе алады.

61-баптың 2-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

2. Шетел азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға виза, уақытша тұруға арналған рұқсат беру, олардың күшін жою, қалпына келтіру, қолданылу мерзімін қысқарту Алатау резиденттерінің және (немесе) Алатау қаласы органдарының өтінішхаты негізінде жүзеге асырылады.

61-баптың 3-тармағының бірінші бөлігі 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген және заңды негізде жүрген адамдарға визалардың, уақытша тұруға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзарту Алатау резиденттерінің өтінішхаты бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасынан тыс жерге шықпай жүзеге асырылуы мүмкін.

61-баптың 3-тармағының екінші бөлігі 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

Алатау қаласының органдарына консультациялық қызмет көрсету үшін Қазақстан Республикасының аумағына көп мәртелік визамен келетін және заңды негізде жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар қолда бар визалардың қолданылу мерзімі ішінде Қазақстан Республикасында үздіксіз болуға құқылы.

61-баптың 4-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

4. Әкімшілік цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерді, олардың болу тәртібі мен шарттарын бақылауға мүмкіндік беретін, Алатау қаласының аумағына келген шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды қамтамасыз етеді.

 

62-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

62-бап. Алатау қаласындағы стандарттау және техникалық реттеу рәсімдерін реттеу

1. Әкімшілік Алатау қаласының стандарттау жүйесінің тізілімінде есепке алынуға тиіс өнімдерге, процестер мен көрсетілетін қызметтерге, өнімдерді, процестер мен көрсетілетін қызметтерді бақылау әдістеріне Алатау қаласының қолдануға міндетті стандарттарын қабылдауға құқылы.

2. Инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Алатаудың резидент заңды тұлғаларының әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес сапа инфрақұрылымы жоғары елдерде қолданылатын халықаралық және өңірлік стандарттарды, техникалық реттеудің, стандарттау мен сәйкестікті бағалаудың өзге де шараларын, сондай-ақ олар бойынша берілетін сәйкестік сертификаттарын, сынақ хаттамаларын, сәйкестік белгілерін және сәйкестікті бағалау туралы өзге де құжаттарды (бұдан әрі - рұқсат етілетін шетелдік стандарттар мен құжаттар) тікелей қолдануына жол беріледі.

Егер әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше белгіленбесе, рұқсат етілетін шетелдік стандарттар мен құжаттар олар ресми түрде қабылданған тілде қолданылады.

Рұқсат етілетін шетелдік стандарттар мен құжаттар Алатау қаласының стандарттау жүйесінің тізілімінде айқындалуға тиіс.

3. Әкімшілік Алатау қаласында техникалық реттеудің ерекшеліктерін белгілеуге және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды ескере отырып техникалық регламенттерді қабылдауға құқылы.

4. Осы бапқа сәйкес әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген техникалық реттеу, стандарттау және сәйкестікті бағалау шаралары Қазақстан Республикасының аумағында арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманы құрмайтын Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген шаралармен тең танылады.

5. Осы баптың 2-тармағының ережелері Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес келмейтін, айналысқа шығарылатын өнімге қолданылмайды.

 

63-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

63-бап. Алатау қаласындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құқықтық режим

1. Алатау қаласының аумағындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі (жобалауды, құрылысқа арналған іздестіру, сараптама, зерттеу жұмыстарын, құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларды тапсырыстар бойынша дайындауды (өндіруді), сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы инженерлік көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда) осы Конституциялық заңда және (немесе) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

Алатау қаласындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін реттеу әмбебап дизайн тәсілдерін қолдануды ескере отырып, халықтың барлық санаттары үшін инклюзивті, қолайлы және жайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қалалық ортаның қолжетімділігін арттыруға арналған сәулет-қала құрылысы және жобалау шешімдерінің ерекшеліктері белгіленуі мүмкін.

2. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде Алатау қаласындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы, оның ішінде:

1) жобалау қызметінің (жобалау) сатылары;

2) құрылыс жобаларын іске асыру кезеңдері;

3) бастапқы материалдарды беру тәртібі мен олардың құрамы;

4) құрылыс жобаларына арналған жоба алдындағы құжаттаманың және (немесе) жобалау құжаттамасының құрамы;

5) құрылысқа салынатын мемлекеттік инвестициялар есебінен толық немесе ішінара қаржыландырылатын құрылыс жобалары үшін құрылыстың сметалық құнын айқындау;

6) құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын әзірлеу, келісу, өзгерту және бекіту рәсімі;

7) сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауды жүзеге асыруды ұйымдастыру тәртібі;

8) құрылыс объектілерін қабылдап алу және пайдалануға беру;

9) құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алуды жүргізу және есепке алу тәртібі;

10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін реттеудің өзге де мәселелері бойынша реттеу ерекшеліктері көзделуі мүмкін.

3. Алатау қаласының қала құрылысын жоспарлау құжаттарына ұзақ мерзімді жоспар, мастер-жоспар және егжей-тегжейлі даму жоспары жатады.

4. Әкімшілік егжей-тегжейлі даму жоспарын Алатау қаласының жекелеген аумақтары мен функционалдық аймақтарына арналған мастер-жоспарға сәйкес бекітеді. Егжей-тегжейлі даму жоспарларының құрамы, қолданылу мерзімдері, оларды әзірлеу, өзгерістер енгізу және күші жойылды деп танудың тәртібі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

5. Алатау резиденттерінің жекелеген санаттары рұқсат етілетін практикалар, сондай-ақ халықаралық жобалық құжаттама негізінде Алатау қаласының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды іске асыруға құқылы. Мұндай халықаралық жобалау құжаттамасы әкімшілік айқындайтын сейсмикалық, өрт қауіпсіздігі және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың негіз қалаушы талаптарына (бұдан әрі осы бапта - негіз қалаушы талаптар) сәйкестігіне тексерілуге тиіс.

Рұқсат етілетін практикалардың тізбесін қалыптастыру және бекіту тәртібі, халықаралық жобалау құжаттамасының негіз қалаушы талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізу тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

6. Жобалануы, салынуы, ведомстводан тыс кешенді сараптамасы мен пайдалануға берілуі Қазақстан Республикасы нормативтік құжаттарының мемлекеттік жүйелерінің (мемлекеттік нормативтік құжаттарының) негізінде жүзеге асырылатын құрылыс жобаларының тізбесі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.

7. Алатау қаласы аумағындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы реттеп лицензиялау және рұқсат беру рәсімдерін қолдану мақсаттары үшін жоғары сапалы инфрақұрылымы бар елдердің уәкілетті органдары және (немесе) ұйымдары берген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында іздестіру қызметін, жобалау қызметін (жобалауды) және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстарын, сараптама жұмыстарын және (немесе) инженерлік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығын беретін лицензиялар және өзге де ұқсас рұқсат беру құжаттары танылады.

8. Алатау қаласының аумағында:

1) осы Конституциялық заңға сәйкес жоғары сапалы инфрақұрылымы бар елдерге жатқызылған шет мемлекеттердің уәкілетті органдары және (немесе) ұйымдары берген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы іздестіру қызметін, жобалау қызметін (жобалау) және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстарын, сараптама жұмыстарын және (немесе) инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығын беретін лицензиялар мен өзге де ұқсас рұқсат беру құжаттарын;

2) Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары мен ұйымдары берген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы іздестіру қызметіне, жобалау қызметіне (жобалауға) және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстарына, сондай-ақ сараптама жұмыстарын және (немесе) инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығын беретін рұқсат беру құжаттарын тану тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

 

64-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

64-бап. Алатау қаласының инфрақұрылым объектілерінің құрылысын реттеу

1. Алатау қаласының инфрақұрылым объектілерінің құрылыс жобаларын қаржыландыру:

1) мемлекеттік бюджет қаражаты;

2) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты;

3) Қазақстан Республикасының қаржы нарығында және (немесе) халықаралық қаржы нарығында қарызға алынған қаражат, Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының және (немесе) халықаралық қаржы ұйымдарының қарыз қаражаты, гранттары және (немесе) техникалық көмегі;

4) Алатау резиденттерінің меншікті қаражаты;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.

2. Алатау қаласының инфрақұрылым объектілерінің құрылысы әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделуі мүмкін ерекшеліктер ескеріле отырып, оның ішінде мына тәсілдер арқылы жүзеге асырылады:

1) өнім берушінің қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылатын «толық бітіріп берілетін» құрылыс салу;

2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік;

3) инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында Алатаудың резиденттері тартқан, лицензиясы бар мердігер ұйымдардың құрылыс салуы;

4) Алатау қаласында тұрғын емес мақсаттағы инфрақұрылым объектілері, ғимараттар, құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар сатып алынған жағдайда бір көзден алу тәсілімен сатып алу туралы шартты тікелей жасасу;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған, Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалуы мүмкін өзге де тәсілдермен құрылыс салу.

3. Бір мезгілде Алатау қаласы мен өзге де өңірлердің аумағында орналасқан инфрақұрылым объектілерінің құрылыс жобаларын іске асыру кезінде тиісті өңірлердің жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде қажетті жәрдем көрсетуге тиіс. Осы бапта көзделген жағдайларда тиісті өңірлердің жергілікті атқарушы органдарымен әкімшіліктің өзара іс-қимыл жасау тәртібі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалуы мүмкін.

 

65-бап. Алатау қаласында тұрғын үй қатынастарын реттеу

1. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде тұрғынжай мен тұрғын емес үй-жайларды жалға алудың және меншіктің құқықтық режиміне қойылатын арнаулы талаптар бекітіледі.

2. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде мынадай мәселелер бойынша тұрғын үй қатынастарын реттеудің ерекшеліктері:

1) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін басқару;

2) кондоминиум объектісін басқару үшін тартылатын басқарушы компанияларға қойылатын біліктілік талаптары;

3) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың түрлері, мөлшерлері және есептеу әдістемелері, осындай шығыстарды жабуға арналған жарналардың түрлері және оларды төлеу тәртібі;

4) тұрғын үй қатынастарын реттеудің, оның ішінде Алатау қаласында көппәтерлі тұрғын үйлердегі кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін басқарудың өзге де мәселелері көзделуі мүмкін.

 

66-бап. Алатау қаласында жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алу тәртібін реттеу

1. Алатау қаласының аумағындағы тұрғын және тұрғын емес жылжымайтын мүлік объектілерін жеке және заңды тұлғалар меншікке сатып ала алады.